Жетісу облысында халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырылған болатын. Жоба ең алдымен халықтың табысын арттыру, ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтарының әлеуетін дамыту шеберінде қолға алынды. Жоба мақсаты Жетісу облысында кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді 2,5%-дық несиемен қаржыландыру.
«Ауыл аманаты» жобасына қатысып, төменгі пайыздық несиемен кәсібін дөңгелеткендер қатарында Ескелді ауданының тұрғыны «Балтабаев» шаруа қожалығын айтуға болады. Болат Балтабаев жылқы шаруашылығын дамытуға Жетісу әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан жеңілдетілген шағын несие алған.
Жылқы шаруашылығын өзінің кәсібіне айналдырған Болат Балтабаев қазіргі күні 11 бас жылқы малын өсіріп отыр. Бүгінде екі қызметкері бар шаруа қожалығы жылқылардың қора-жайын дайындап, мал басын көбейтуге кіріскен. Баптап отырған жылқыларын бәйгеге қатыстырып, жүлделі орындарға ие болып отыр екен. Алдағы уақытта шаруа қожалығы өздерінің отбасылық ісін одан әрі дамытып, жылқы басын көбейтіп, кәсібін одан әрі дамытпақ.