Талдықорғанда екі әлеуметтік дүкен ашылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) төменгі үстеме бағамен бағамен сатылады.
Әлеуметтік дүкендер пилоттық режимде «Көктал» шағын ауданында Амангелді көшесі 47 және Еркін ауылында Бесшатыр көшесі 75 мекенжайы бойынша ашылды. Дүкендерде сиыр етінен басқа әлеуметтік маңызды тауарлардың 18 түрі ұсынылған. Мұнда Жетісу облысының тұрақтандыру қорының және «айналым схемасына» қатысушы өндірушілердің тауарлары сатылады. Дүкендердегі сату бағасы нарықтық бағадан орта есеппен 10%-ға төмен. Мысалы, қант құны 425 тг/кг (нарықтық – 483 тг/кг), күнбағыс майы 740 тг/кг (нарықтық – 931 тг/кг), күріш 340 тг/кг (нарықтық – 496 тг/кг).
Әлеуметтік дүкендердің таныстырылымына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл, облыстық Кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серіков, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Айқынбаев, сондай-ақ тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ басшысы Данияр Айқынбаевтың айтуынша, азық-түлік дүкендерінің форматы «әлеуметтік дүкенге» ауыстырылды. Жақын арада облыс орталығында тағы да осындай дүкендер ашу жоспарлануда.
«Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру маңызды міндетіміз және бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қала әкімдігімен бірлесіп, Талдықорғанның басқа да аудандарында қосымша әлеуметтік дүкендер ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 2022-2023 жылдарға арналған ӘМАТ бағасын тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен тұрақтандыру қорын қалыптастыруға және «айналым схемасын» жүргізуге 4 млрд теңге бөлінді. Маусымнан тыс уақытта көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін 736 тонна картоп пен 169 тонна сәбіз жеткізу туралы келісімге қол қойылды. «Айналым схемасы» шеңберінде 9 тауар өндірушімен және 2 сауда субъектісімен сауда желілеріне азық–түлік тауарларын өндіру және жеткізу бойынша шарттар бар», – деп атап өтті Данияр Айқынбаев.
Бұл ретте, маусымаралық кезеңде (сәуір-маусым айлары) әлеуметтің маңызды көкөніс тобының бағасын тұрақтандыру үшін «Magnum Cash&Carry» ірі сауда желісіне несие берілді. Сауда желісінің Талдықорғандағы филиалында қырыққабат, пияз, сәбіз және картоп бекітілген бағамен сатылады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ағымдағы жылдың мамыр-шілде айлары аралығында көкөністерді жеткізу және сату бойынша тауар өндірушілермен қосымша келісімшарттар жасасуды жоспарлап отыр.