Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында кеден саласындағы мәселелер қаралды. Кедендік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР қаржы бірінші вице-министрі М. Сұлтанғазиев баяндады. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда ҚХР-мен шекарадағы «Алтынкөл» және «Достық – Теміржол» теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Қазіргі таңда 5 автожол өткізу пунктінің 4-і ашық және жүктерді қабылдап жатыр. “Қалжат” өткізу пункті бүгінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты ҚХР жағынан жабық тұр. Тараптар Қалжат-Дулаты қызметін қайта бастайтын нақты күндерді келісіп жатыр», — деді ҚР қаржы бірінші вице-министрі.
Үкімет ҚХР-дан ҚР-ға «Нұр жолы» өткізу пунктінде жүктерді ауыстырып тиеу мәселесін шешті, ал электрондық кезек ретке келтіріліп жатыр. Бұл орайда жүк тасу қызметінің ақысы 2 есе төмендейді. Кеңес барысында ҚР Премьер-Министрі қазіргі жағдайға байланысты туындайтын және болуы ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қою қажеттігін атап өтті. Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың келесі отырысы 9 наурызда өтеді.
Дереккөз: primeminister.kz