Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың басшылығымен сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Инфляцияға қарсы әрекет ету және ішкі экономиканы қолдау үшін тауарларды, сондай-ақ дайын өнімді өндіруге қажетті шикізатты әкетуге бірқатар тыйым салу туралы шешім қабылданды.

“Қазақстанда шикізаттың болмауына байланысты бүгінгі таңда елдегі картон-қағаз өнеркәсібі кәсіпорындары шикізат ретінде регенерацияланатын қағазды, картонды және макулатураны пайдаланады. Осыған байланысты, ішкі нарықта шикізат тапшылығына жол бермеу мақсатында Үкімет мұндай тауарларды ел аумағынан 6 айға әкетуге уақытша тыйым салады”, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ жиһаз және ағаш өңдеу салаларында отандық кәсіпкер-өндірушілерді қолдау мақсатында ағаш-жаңқа және ағаш-талшықты тақталардың экспортын шектеу туралы шешім қабылданды.

Ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау және бензинге, дизель отынына және мұнай өнімдерінің кейбір түрлеріне бағаның тұрақтануын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет осы тауарлардың экспортына тыйым салуды ұзартады.

Ет және ет өнімдерінің ішкі бағаларын тұрақтандыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын ұлғайту мақсатында ҚР Үкіметі ірі қара және ұсақ қара малдың аналық мал басын экспорттауға тыйым салудың қолданылуын ұзартады.