Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында жаңа форматтағы әлеуметтік дүкендер ашылды.

Кәсіпкерлерге «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ тарапынан  жеңілдікті заем берілді, өз кезегінде дүкендер Тұрақтандыру қорының тауарларын және «айналым схемасы» бойынша жұмыс істеп жатқан өндірушілердің өнімдерін үстемесіз саудалайтын болады. Сөрелерде өндірушілердің бағасы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 түрі ұсынылған. Мысалы, «Нам» ШҚ өсірген пиязы және «Нұрбек» ШҚ қырыққабаты 120 теңгеден сатылады, «Ләззат-2016» зауыты шығарған 2,5%-дық сүттің 1 литрі 290 теңге, «Когер ЛТД» құс фабрикасының 10 дана жұмыртқасы 430 теңге тұрады.

 

 

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Альмира Ибраимованың айтуынша, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру бойынша жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Жақын арада облыстың басқа аудандарында да осындай әлеуметтік дүкендер ашу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда «Жетісу» ӘКК қолдауымен 4 әлеуметтік дүкен ашылды, әлеуметтік маңызы бар тауарлар Талдықорған қаласының «Жерұйық» коммуналдық базары мен әлеуметтік базарында, сондай-ақ облыс орталығындағы 25 дүкенінде картоп пен пияз сатылады.