Алматы облысында «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымы арқылы жалпы сомасы 5 млн теңге болатын алғашқы жоба қаржыландырды.
Еске салсақ, 2021 жылы Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе «Бастау Бизнес» жобасының түлектерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымын құрды.
Жеңілдетілген несиенің алғашқы иегері – талдықорғандық кәсіпкер Әбиден Әбдеш. Ол 2021 жылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курсын аяқтады. Берілген қаражатқа кәсіпкер жылқы сатып алып, қымыз өндіруді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымы кәсіпкерлердің 150 өтінімін қарастыру үстінде. Жалпы 253 өтінім бойынша құжаттар жиналуда. Алматы облысы бойынша шағын несиелендіруге облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. 500-ге жуық кәсіпкерді қаржыландырып, 1000-нан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.«Мен ұзақ жылдар сауда саласында жұмыс істедім. «Бастау Бизнес» бойынша оқыту жобасы барысында бағытымды өзгертіп, жылқы шаруашылығымен айналысуды шештім. Берілген қаражатқа 13 бас жылқы сатып аламын. Қазір тәулігіне 20 литр қымыз өндірсек, мал басы көбейген соң, өнім көлемі де арта түспек. Шаруашылыққа тұрақты жұмысқа төрт адамды алуды жоспарлап отырмын. Жеке ісімді ары қарай кеңейте бермекпін. «Бастау бизнес» бойынша оқыған барша азаматты «Atameken Zhetysu» ұйымы арқылы несие алып, кәсібінің нәсібін табуға шақырамын. Біз сияқты жандарға жол көрсетіп, үнемі жанымыздан табылатын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысымды айтамын», – дейді «Асыл арман» шаруа қожалығының басшысы Әбиден Әбдеш.
«Микроқаржы ұйымы арқылы несиелендіруге «Бастау Бизнес» оқыту жобасын аяқтаған кез келген қатысушы үміткер бола алады. Әрбір жоба біздің сүйемелдеуімізде. Аудандар мен қалалардағы кәсіпкерлер палатасы филиалындағы кеңесшілеріміз кәсіпкерлерге құжаттарды жинауды бастағаннан бастап жоба бойынша қаражат алғанға дейін жан-жақты қолдау көрсетеді. Кейін берілген қаржының игерілуіне мониторинг жүргізіледі. Ауылдық жерлер үшін қаражат сомасы 7,2 млн теңгеге дейін және қала үшін 18,9 млн теңге. Шағын несиені 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жыл. Басты ерекшеліктің бірі – кепілдікпен қамтамасыз етуге шектеу жоқ. Сондай-ақ несие жеңілдетілген шарттармен жылдық 6% пайыздық мөлшерлемемен беріледі», – деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Оналбаев.
Егер кәсіпкер ауылдық жерде тұратын болса, онда ол кәсіпкерлер палатасының филиалына барып, сол жерде өтініш қалдыра алады. Сонымен қатар, палата кеңесшілері өтінімді рәсімдеуге, құжаттар тізімін рәсімдеуге және қарыз алушының сауалнамасын микроқаржы ұйымының ақпараттық жүйесінде толтыруға көмектеседі.
«Atameken Zhetysu» МҚҰ кеңсесі Талдықорған қаласында Астана даңғылы 2 А, 2-қабат мекенжайы бойынша орналасқан.