Алматы облысының азық-түлік белдеуін үздіксіз жеткізу тізбегін қамтамасыз ету және нығайту мақсатында «Жетісу» ӘКК Өңірлік даму институты облыстың тауар өндірушілері мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері арасында кездесу ұйымдастырды.

Бұған дейін «Жетісу» ӘКК азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында отандық азық-түлік өндірушілері және ірі сауда желілерімен келісімшарт жасаған болатын.

Сонымен қатар, «Жетісу» ӘКК облыстың кәсіпкерлік субъектілеріне «Алматы» ӘКК тарапынан берілетін 0,01% жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта өзара іс-қимылды жолға қою үшін бірқатар жұмыс кездесулері өткізілді.

Атап айтқанда, «Жетісу» ӘКК, Алматы қаласы кәсіпкерлік басқармасы және «Алматы» ӘКК өкілдері қант, сүт өнімдері, тауық еті, жұмыртқа және көкөніс өндіретін кәсіпорындарға болды. «Көксу қант зауыты» ЖШС, «Когер ЛТД» ЖШС, «JLC сүт» ЖШС, «Ляззат – 2016» ЖШС, «Naz Dana» ШҚ, «Алтай» агрофирмасының жетекшілеріне «Алматы» ӘКК тарапынан өнімнің өзіндік құны және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыру бағытында мемлекеттік қолдау тетіктері, оның ішінде айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікті қарыздар ұсынылды.

Жалпы қабылданып жатқан шаралар азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.  Сондай-ақ, «Жетісу» ӘКК аймақ кәсіпкерлерін серіктестікке шақыра отырып, азық-түлік жеткізілімдері бойынша шарт жасауға қолдауға дайын.