«Алматы облысы «Теңізшевройл» компаниясымен әріптестікті нығайтып, мұнай өндіретін кәсіпорынның қажеттілігін қамтамасыз етеді. Жетісу жерінің өнім өндірушілері енді халықаралық компанияға азық-түлік пен кәсіптік киім-кешек жеткізіп тұратын болды. Мұндай тиімді келісімнің нәтижесі облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Кевин Лайонның кездесуінен кейін белгілі болды».
Кездесуде облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары жайлы қысқаша әңгімелеген Қанат Бозұмбаев:
– Бүгінде облысымызда өндірістің барлық саласы дамып келеді. Азық-түлік тауарлары бойынша елімізде өндірілетін жалпы өнімнің 42%-ын құрайтын Жетісу жері алдыңғы орында тұр, – деп алға қойылған мақсаттарды таныстырып өтті. – Осыған орай логистика саласын дамытуды белсенді жүргізіп келеміз. Өйткені, көршілес Қытайдан шыққан жүктердің елеулі бөлігі Еуропаға біздің аймақ арқылы өтеді. Одан бөлек, осы уақытқа дейін лайықты дамып отырған тігін өнеркәсібін кеңейтіп, тағы бір тігін фабрикасын ашуды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ, құрылыс материалдары мен басқа да көптеген сапалы өнімдерді шығарамыз. «Теңізшевройл» үшін біз азық-түлік, сусындар, дөңгелектер, арнайы киім мен аяқкиім, жеке тазалық құралдарын жеткізіп бере аламыз. Себебі, елімізде өндірілетін медициналық масканың 15%-ы бізде шығады. Энергетика саласында қызмет көрсететін «АСПК-19», «Промстрой-Энерго» сынды белгілі компанияларымыз бар. Сонымен қатар, аймақтың туристік әлеуетін көрсететін компанияларымыз тағы бар. Сондықтан сіздермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істей аламыз деп ойлаймын, – деді.
Өз кезегінде Кевин Лайон «Теңізшевройл» компаниясы әріптестерімен берік байланыс орнату жолында білікті мамандарды тәжірибе алмасу үшін жіберуге ниетті екендігін жеткізді. Себебі, ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігін білу кәсіпкерлер үшін өте қажетті тетік саналады.
Осындай әріптестік келісімі Жетісу жұртшылығына дамудың жаңа көкжиегін аша түседі.