«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ жүзеге асырылатын «Ауыл аманаты» жобасының аясында Барлыбек Сырттанов ауылының азаматтары бірігіп, өткен жылы «Бауыр» кооперативін құрған болатын. Бүгінде олар ӘКК қолдауымен 27,6 млн теңге жеңілдікті несиеге қол жеткізіп, оған ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.
Ауыл шаруашылығымен біраздан бері айналысып келе жатқандықтан, оларға кооператив жұмысын жүргізу қиындық тудырған жоқ. Бірігудің нәтижесінде кооперативтің ортақ меншігінде бүгінгі күні 100 гектардай жері бар, соның 25 гектарға жуығы суармалы жер. Техникаларын да ортақ пайдаланысқа қосты.
«Жеке дара жұмыс істегеннен гөрі кооперативке бірігіп еңбектенудің ұтымды тұстары көп. Сондықтан біз ауылдастарымызбен ақылдасып, ұсақ шаруашылықтарымызды бірігіп топтастыруды жөн деп таптық. Бұл орайда «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін пайдаландық. Техникаларымыз тозып кеткендіктен, кооперативтерге берілетін жеңілдетілген несиеден 27 млн. 600 мың теңге қаражат алып, жаңа трактор, тиегіш, соқа және қызылша сепкіш сатып алдық. Биыл 10 гектарға қант қызылшасын, 10 гектарға арпа, 5 гектарға жоңышқа егеміз. Қазір қызылша ең тиімді дақыл болып отыр. Сондықтан алдағы жылдарда суармалы жердің көлемін ұлғайтып, қызылша алқабының ауқымын 50 гектарға жеткізсек деген жоспарымыз бар», – дейді «Бауыр» кооперативінің басшысы Бауыржан Бақытжанұлы.
Болашақта кооперативке қызылша жинайтын комбайн сатып алу жоспарланып отыр. Қазір қолда бар техникаларын өздері қолданумен қатар аудандағы өзге де шаруа қожалықтарына жер жырту, шөп шабу сияқты жұмыстарға ақылы қызмет көрсетіп келеді. Бұл техникасы тапшы ұсақ шаруашылықтар үшін тиімді.