ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жергілікті қамтуды дамыту мәселесі қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.
«Отандық өндірушілерді қолдау үшін ұлттық экономиканың өзіндік жеткіліктілік стратегиясын іске асыру мақсатында Министрлік жүйелі шаралар қабылдауда. Сондай-ақ халықаралық міндеттемелерге сәйкес қолдау механизмдерін әзірлеуде. Қолданыстағы қолдау шаралары өткізу нарықтарын қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді тапсырыстар жасауға бағытталған», — деді Б. Атамқұлов.
ҚР ИИДМ уақытылы іс-шаралар қабылдау үшін реттелетін нарық субъектілерінің барлық сатып алуларына мониторинг жүргізеді. 2020 жылдан бастап жергілікті қамту үлесі артып, көрсеткіш 1,3% құрады. «Биыл 9 айдың қорытындысында реттелетін сатып алудың жалпы көлемі 12,9 трлн теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесі 6,4% өсіп, 58,3% құрады. Субъектілер бойынша ең жоғары өсімді мемлекеттік сатып алуда – 6,2%, ұлттық компаниялардағы сатып алуларда – 0,8% және жер қойнауын пайдаланушылар – 12,8% көрсетті», — деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл басында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде мемлекеттік сатып алуларда мәлімделген жергілікті қамту көрсеткіштері бойынша деректер салыстырылды. Нәтижесінде 14 өңірде көрсеткіштердің артық екені анықталды. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін жыл сайын тексеру жүргізуді тапсырды. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты отандық өндірушілерді қолдау шаралары 2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен алып тасталды. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жер қойнауын пайдалану саласында тауарлардағы жергілікті қамту алып тасталды және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде 50% аспайтын талаптар қойылды. Жергілікті қамту құралын қолдану бойынша тиісті өзгерістер енгізілді. Халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған 5 жаңа механизм әзірленді.
Бірінші. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында «ел ішіндегі құндылық» ұғымы мен даму саясаты көзделген. Бұл ұғым халықаралық аренада танылған, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына сәйкес келеді. Мысалы, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішіндегі құндылықты дамытудың жеке бағдарламаларын және отандық өндіріс тауарларын сатып алуға көшу жоспарын қабылдайды.
Екінші. Дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қатысуымен офтейк-келісімшарттар, офсеттік шарттар пайдаланылады. Бұл ретте оффтейк-келісімшарттар өндірісті оқшаулауға және жаңаларын ашуға, ал офсеттік шарттар технологиялар трансферті мен инвестициялар тартуға бағытталады. Ұзақ мерзімді шарттар жұмыс істеп тұрған өндірістердің өнімдерін өткізуді қамтамасыз етеді.
Үшінші. Ірі мұнай операторлары бірлескен жол картасы бекітті. Ол: ұлттық стандарттарды бейімдеу мәселелерін; тендерлік рәсімдерге қазақстандық өндірушілерді қолдау механизмдерінің ірі операторларын енгізуді; 2025 жылға дейін жергілікті қамтуды ұлғайтуды; мұнай-газ жабдықтарының 5 өндірісін оқшаулау шараларын қарастырады. Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығының жұмысы басталды. Ол ірі операторлармен бірлесіп, технологияларды оқшаулауға және трансферттеуге кірісті. Импортталатын 1 200-ден (астам тауарға талдау жүргізілді. Оқшаулау үшін 3 тауарлар тобы іріктелді. Орталық жыл соңына дейін инвестициялық жобалар мен өндірістерді оқшаулар бойынша ұсыныстар жасауды, сондай-ақ отандық өндірушілер үшін бар кедергілерді анықтауды жоспарлап отыр.
Төртінші. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті қамту көрсеткіштерін сақтау және арттыру мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте жер қойнауын пайдаланушылармен кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасау нормасы бекітілген. Келісімдерде тауарлардағы жергілікті қамту үлесінің орташа көрсеткіші 30%, жұмыстар мен қызметтерде тиісінше 80% және 85% құрайды. Биылғы қараша айындағы жағдай бойынша 234 келісім жасалды. Бұл шаралар алдын ала болжамдарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін 55% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бесінші. Мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша нысаналы индикаторлар белгіленді. Атап айтқанда, 2021 жылға арналған жергілікті қамтудың орташа үлесі: құрылыс материалдарында – 77,3%; жиһаз өндірісінде – 68,5%; жеңіл өнеркәсіпте – 65,5%; целлюлоза-қағаз саласында – 53,7%; химияда – 36,2%; фармацевтикада – 32,3%; машина жасауда – 19,5% құрайды. Мәлімделген көрсеткіштерге қол жеткізу механизмдерінің бірі – ұлттық режимнен шығару. Бұл механизм 4 түрлі тауарда қолданылады. Олар бойынша мемлекеттік сатып алу тек отандық өндірушілермен жүргізіледі. Сондай-ақ, жеңіл, жиһаз өнеркәсібі және машина жасау өнімдері бойынша ұлттық режимнен алып тастау мәселесі пысықталуда. Отандық тауарлардың ассортиментін кеңейту мақсатында жаңа жобаларды іске қосу жоспарлануда. 2022 жылы Қызылорда облысында қуаты жылына 197,1 мың тонна болатын «Orda Glass LTD» табақ шыны өндірісі жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде ішкі нарықтың табақ шыныға қажеттілігінің 98% өтейді. 2023 жылға дейін шетелдік инвесторлардың қатысуымен керамикалық плиткалар шығаратын үш жаңа кәсіпорын пайдалануға беріледі. Бұл ішкі нарықта тұтынудың 90% жабуға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін кальцийленген сода өндіру бойынша тағы 2 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда.
Осы жобаларды пайдалануға беру ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мұнай-газ секторындағы жергілікті қамтуды қолдау жөніндегі жұмыс туралы баяндады. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуындағы жергілікті қамтуды дамытуға үлкен көңіл бөледі. «2020 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізаты және уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі шамамен 5,4 трлн теңгені құрады», — деді М. Мырзағалиев. Бұл ретте осы сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 46% құрады.
Оның ішінде: тауарларды сатып алудағы – 19,7%; жұмыстарда – 51,3%; қызметтерді сатып алуда 50,3% құрады. Жер қойнауын пайдаланушылардың 2021 жылға арналған сатып алу жоспары 6,8 трлн теңгені көздейді. Ондағы жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші 46,5% немесе 3,1 трлн теңгені құрайды. тауарлар бойынша жергілікті қамтудың үлесі 19,5%; жұмыстар бойынша 51,3% құрайды; қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту 52,3% құрайды. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемінің шамамен 77% үш ірі операторға тиесілі. Олар — «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығынақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.».
Сатып алудың қалған 13% «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ компаниялар тобының және 10% басқа да жер қойнауын пайдаланушылардың үлесінде. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазір отандық тауар өндірушілер келесі тауарлармен толық қамтамасыз етеді. Олар: құрылыс-монтаж материалдары (сэндвич панельдері, металл конструкциялары, темірбетон және арматуралық стрежньдер); құбыр материалдары (құбырлар мен фитингтер, фланецтер, клапандар, арнайы құбыр тіректері); механикалық жабдықтар (ыдыстар, жылу алмастырғыштар және т. б.); электроматериалдар (трансформаторлар, электр қалқандары, жарықтандыру); телекоммуникация материалдары (телекоммуникациялық кабельдер, бейнебақылау жүйесі және т.б.); жанар-жағармай материалдары (мотор майларын қоса алғанда). Осылайша, отандық тауар өндірісі дамуының оң қарқынын атап өтуге болады. Отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр.
Осылайша, ірі операторларға берілген кедендік преференциялар нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төленеді. Бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі – Салық кодексіне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды. Бұл шара шетелдік және отандық компаниялар арасындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді. «Министрлік жергілікті қамтуды дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамаларды жүргізуде. Олардың негізгілерінің бірі елімізде кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасасу болып табылады», — деді М. Мырзағалиев. Министрлік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен «Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы» келісім жасасуға бастамашылық жасады. Бұл келісімдер ерікті түрде жасалады. Бүгінгі таңда көмірсутектер мен уран бойынша 282 келісімшарттың 164-і бойынша келісімге қол жеткізілді. Олардың ішінде: көмірсутектер саласындағы 84 жер қойнауын пайдаланушылармен 147 келісімге; уран өндіру саласында 13 жер қойнауын пайдаланушылармен 17 келісімге қол қойылды.
Аталған келісімдер тауарлардағы жергілікті қамту үлесін 19,5%-дан 31%-ға дейін, жұмыстарда – 66,8%-дан 78,6%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту деңгейі де 69,4%-дан 88,8%-ға артатын болады.