Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев «Технониколь» трансұлттық корпорациясының өкілдерімен кездесті.

Компания Алматы облысы Талғар ауданының аумағында жылу оқшаулау материалдарын шығаратын екі зауытының құрылысын биылғы жылдың сәуір айында бастауға ниетті. Кездесуде инвесторлар инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешуге қолдау көрсетуді сұрады. Өткен жылы жасалған ынтымақтастық туралы меморандумда кәсіпорындар аумағын электр, су, газ, кәріз желілерімен, кіру жолымен қамту, темір жолды іске қосу жұмыстары қарастырылған. Жобаға “Жетісу” ӘКК” Өңірлік даму институтының сүйемелдеу жүргізеді.

Кездесу барысында зауыттар орналасатын «Қайрат» индустриалды аймағына темір жол, су, кәріз, электр жүйелері тартылғаны, тек іске қосып тексеру жұмыстары қалғаны белгілі болды. Көктемде топырақ және қиыршық-тас төгу арқылы жол төселеді. Сол сияқты газ құбырын тарту мәселесі шешіледі. Жобаға сәйкес дуальді оқытуға мүмкіндік беретін оқыту орталығын ашуға қажетті колледж Талғар ауданының аумағынан ұсынылатын болады. Қанат Бозымбаев тиісті сала басшыларына жобаны іске асыруға қажетті жұмыстарды жылдамдатып, инфрақұрылымдармен қамту ісін ширатуды тапсырды.

«Технониколь» – танымал компания және облыс үшін маңызды инвестор. Екі зауыттың ашылуы нәтижесінде өңірде жаңа технологиялы құрылыс материалдарының өндірісі іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының өсіміне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді Қ.Бозымбаев.

Жалпы «Техниниколь» компаниясы нарықта 30 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Корпорация құрамындағы 58 зауытта 3 мыңдай өнім түрі шығарылып, тауарлары 95 елге экспортталады. Алматы облысы Талғар ауданында орналасатын екі зауытқа жалпы құны 44 млрд. теңге инвестиция тартылады деп күтілуде. Кәсіпорындар жылу оқшаулау материалдарын өндіреді. 200-ден астам жұмыс орнын ашатын қос зауыттың жалпы қуаты жылына 1,9 млн. м3 болмақ. Іске асыру мерзімі – 2023 жылдың тамыз айы.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі