Бүгін «Жетісу» ӘКК» Өңірлік даму институты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру аясында Ақсу және Сарқан аудандарының тауар өндірушілерімен және сауда нысандарымен кездесулер өткізді.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен жеткізу бойынша жылдық 0,01% жеңілдікпен қаржыландыру шаралары ұсынылды және түсіндірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Ақсу ауданындағы «Үміт», «Ақниет», «Медина», «Манас», «Заңғар», «Тайыржан» азық-түлік дүкендерімен, «Кылышбекова ЖК» ет дүкенімен және «Ералы» ШҚ ет өндірушісімен, «Капура ЖК» наубайханасымен, сондай-ақ Сарқан ауданындағы «Турка» ЖШС ұн комбинатымен, «Нұр» азық-түлік дүкенімен, екі аудан халқының қажеттілігінің 80% нанмен қамтамасыз ететін «Мизамбекова Д. ЖК», «Абдуллина ЖК» наубайханаларымен ынтымақтастық және жеңілдетілген несие беруге қатысу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен бірге сауда нысандарына Тұрақтандыру қорының тауарлары ұсынылды.

Корпорация өкілдері атап өткендей, тауар өндірушілермен және сауда желілерімен аталмыш кездесулер облыстың басқа аудандарында ұйымдастырылады. «Жетісу» ӘКК кәсіпкерлік субъектілерін серіктестікке шақырады.