Алматы облысында А+ класты автоматтандырылған, алаңы 200 мың шаршы метр болатын Қазақстандағы ірі логистикалық хаб салынады. Соның нәтижесінде облысқа 200 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен «AIRBA FF» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы, «Технодом» компаниясының негізін салушы Эдуард Ким осындай меморандумға қол қойды.
Кездесуде Қанат Бозымбаев осы ірі инвестициялық жобаны іске асыру өңірдің логистикалық әлеуетін дамытып қана қоймай, тұтастай алғанда облыс экономикасына мультипликативті нәтиже беретініне атап өтті.
– Бұл – бұрын Алматы облысында болмаған өте тартымды әрі маңызды жоба. Заманауи цифрлық технологияларды қолдану ерекшелігін ескерсек, нағыз жаңа дәуірге лайық деуге болады. Біріншіден, біздің аграрлық саладағы шаруашылықтарымыздың өз өнімін өткізуіне жағдай жасайды. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі өнім көлемінің 28-30%-ін Алматы облысы өндіретінін ескерсек, бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Екіншіден, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар инвестор компания Талдықорған қаласындағы колледждердің бірінің базасында ІТ мамандар дайындайтын оқу орталығын ашады. Бұл цифрлық машықтарын жетілдіріп, дуальді оқытуды дамытуға ықпал етеді. Әрине, өңір экономикасы үшін салық түсімдері де маңызды. Дегенмен біз үшін халықтың мүддесі алдыңғы орында. Кешен 1500 адамға жұмыс береді. Нысан орналасатын Іле ауданында 300 мыңнан астам адам тұрады, ал облыстағы халық саны 2 млн. 200-ге жетті. Логистикалық кешен жаңа жұмыс орындарының ашылуына, заманауи технологиялар мен қаржылай қолдау құралдары аясының кеңеюіне жағдай жасайды. Жобаға барлық кезеңінде барынша қолдау көрсететін боламыз, – деді Қ.Бозымбаев.
Өз сөзінде Эруард Ким бастамаларына қолдау көрсеткені үшін облыс басшылығына ризашалығын білдіріп, жобаның ерекшеліктеріне тоқталды.
– Біздің компаниямызға сенім білдіргеніңізге алғыс айтамын. Бүгінде қоғамның басты міндеті өмір сүру сапасын арттыру, әсіресе, жастардың өмір сүру деңгейін көтеру – басты мақсат. Біздің компания қызметкерлерінің орташа жасы – 28 жас. Біз жастардың оқуына, арнайы мамандық алуына, қызметтік баспалдақтарға көтерілуіне, лайықты жалақы алуларына жағдай жасап келеміз. Логистикалық хаб құрудың да негізгі мақсаты осы. Біз облыстың инфрақұрылымын дамытуға назар аударып, экономиканың түрлі салаларын цифрландыруға көмектесеміз, – деді Э.Ким.
Қол жеткізілген келісімге сәйкес маңызды инвестициялық жоба алдағы 5 жылда бірнеше кезеңмен іске асырылады. Кешен Іле ауданында орналаспақ.
Өзінің негізгі функциясымен қатар нысан клиенттер тарту мен өнімдерді орналастыруға арналған «Airba Marketplace» онлайн-сөресін пайдалануға жағдай туғызады. Сол сияқты «Airba Fintech» онлайн-платформасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жеңілдікпен қаржыландыру мен айналым қаржысын толықтыруға қол жеткізе алады, өз тауарларын делдалдардың қатысуынсыз ірі сауда желілерінде сату жөніндегі келісімшарттар жасаса алады, ал жас мамандар тұрғын үй сатып алуға немесе баспана жағдайын жақсартуға қолжетімді ипотека ала алады. Бұл қызметтерге жүгіну үшін қаржы институттарына барудың, мәліметтерді қағаз жүзінде апарудың қажеті жоқ, қызметтер онлайн-режимде көрсетіледі.
Жалпы «AIRBA FF» ЖШС — цифрлық технологияларды топтастырумен қатар қойма инфрақұрылымын, курьерлік жеткізу қызметін, тапсырысын клиенттің өзі барып алатын пункт ретінде де нақты секторда жұмыс істейді. Бұл – қоймалау, магистралды логистика, клиенттер пен серіктестерге жеткізіп беру ісімен айналысатын еліміздегі тұңғыш оператор.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі